Ел қорғаған ерлер мен ел рухын асқақтатқан жыр алыбы

Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен «Тарихи тұлғалар» жобасы аясында Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні әрі Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Ел қорғаған ерлер мен ел рухын асқақтатқан жыр алыбы» тақырыбындағы музейлік сабақ өтті.

Іс-шараның мақсаты – ұлт ерлігін, ел қорғау идеясын және батырлық рухты ұрпақ жадында жаңғырту, ақынның жырлары арқылы елдік рух әрі отансүйгіштік қасиетті дәріптеу.

Сабаққа Қосшы қаласының IT мектеп-лицейі, «Quantum TECH School» мектебі мен №72 мектеп-лицейінің оқушылары қатысты.

Музейлік сабақ ұлы жыраудың өмірі және шығармашылығын кеңінен насихаттау, оның шығармаларындағы отансүйгіштік, ерлік, елдік рухты жас ұрпақтың санасына сіңіріп, әдеби мұрасын дәріптеуге бағытталды. Шараны К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» факультетінің студенті Марсель Ерсаинов арнаумен ашып, оқушылар Жамбыл Жабаевтың балаларға арналған өлеңдерін оқыды.

Іс-шарада ақынның поэзия жинақтарынан, ҚР ҚМ Әскери-тарихи музейі қорындағы ҚР тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың әскери погоны, құжаттарының көшірмелері, сондай-ақ жауынгерлердің әскери құжаттарының көшірмелерінен көрме ұйымдастырылды. Көрмені аға сержант Алмагүл Байдәулетова таныстырып, әрбір жәдігердің тарихи маңызына тоқталып, әскери мұралардың құндылығын түсіндірді.

Шараны музейдің ғылыми қызметкері Серік Абдрахманов жалғастырып, «Волоколамск бағытында» диорамасымен таныстырды.

Сабақ сол тарихи кезеңді тереңірек танып-білуге мүмкіндік беретін «ХІІІ-ХХ ғғ. Қазақстан тарихы» залындағы Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған экспозиция бойынша ұйымдастырылған мазмұнды экскурсиямен өз мәресіне жетті.