Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі базасында өскелең ұрпақтың ғылыми дүниетанымын қалыптастыруға бағытталған «PaleoKids» үйірмесі өз жұмысын жалғастыруда.
Аталған үйірме музей экспозициялары мен табиғи-ғылыми материалдар негізінде балаларды Жер тарихымен, ежелгі тіршілік иелерімен және қазба қалдықтарымен таныстыруға арналған мәдени-ағартушылық жоба болып саналады.
Жуырда «PaleoKids» үйірмесі аясында кезекті танымдық сабақ ұйымдастырылды. Сабақты музейдің ғылыми қызметкері, PhD Руслан Дуванбеков жүргізді. Сабақтың мақсаты – оқушыларды ежелгі тіршілік иелерімен, олардың өмір сүру ортасымен әрі қазба қалдықтары арқылы өткенді зерттеу әдістерімен таныстыру болды.
Сабақ барысында қатысушыларға палеонтология ғылымы туралы жалпы түсінік беріліп, оның Жер бетіндегі тіршіліктің даму тарихын зерттеудегі маңызы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, динозаврлардың түрлері, олардың тіршілік ету ортасы мен жойылу себептері туралы қызықты әрі мазмұнды ақпарат ұсынылды. Сабақ барысында оқушылар Палеонтология залының жәдігерлері негізінде бақылау, салыстыру және талдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік алды.
Аталған үйірме балалардың табиғи-ғылыми ойлау қабілетін дамытуға, ғылыми білімге қызығушылығын арттыруға және табиғи мұраға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.