Ұлттық музейде қазақ музыкасының абызы, академик Ахмет Жұбановтың 120 жылдық мерейтойына арналған «Мұра мен музыка» атты салтанатты кеш өтті.
Бұл кеш тек концерт емес, ұлттық өнердің өткені мен бүгінін жалғаған рухани көпірге айналды. Жиналған қауым Жұбанов негізін қалаған академиялық мектептің бүгінгі таңда белгілі ұстаз, сазгер Сенбі Айтбенбетовтің шығармашылығында өркен жайғанына куә болды.
Қонақтар Құрманғазы және Жұбановтың мәңгілік күйлерін тыңдап, Сенбі Айтбенбетовтің авторлық туындылары мен оның шәкірттерінің асқан шеберлігіне тәнті болды.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, өнертанушылар, мәдениет саласының мамандары, сондай-ақ жас өнерпаздар қатысты. Атап айтқанда, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің оқытушылары, халықтық фольклорлық «Балқадиша мұрасы», «Алаш аманаты», «Үкілі домбыра», «Өркен» ансамбльдері және «Сенбі Айтбенбетов» атындағы домбыра студиясының шәкірттері өнер көрсетті.
Бұл шара ұлттық мұраны жас ұрпаққа жаңаша форматта таныстырып, қазақ өнерінің құдіретін тағы бір мәрте паш етті.