Суретші Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет» көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде суретші Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет» көрмесі өз көрермендеріне жол тартты.

Көрмеге мәдениет және өнер қайраткерлері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, БАҚ өкілдері қатысты.

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейі директоры Берік Әбідғалиұлы бұған дейін көптеген халықаралық деңгейдегі көрмелер өз көрермендерін тапқанын тілге тиек етіп, аталмыш көрменің де жүздеген жанның жүрегінен орын аларына сенім білдірді.

«Аңсаған Мұстафаның туындылары көрерменді ойлануға, қоғамдағы өзгерістерге тереңірек қарауға жетелейді. Музей әрдайым осындай көрмелерді ұйымдастыру арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін шығармашылық бастамаларды қолдап келеді», – деп атап өтті Ұлттық музей директоры.

Көрме экспозициясына автордың заманауи қоғамдағы өзекті мәселелерді арқау еткен 70-ке жуық графикалық туындысы қойылған. Автор әлеуметтік желілер дәуіріндегі жалғыздық, технологиялық тәуелділік, адамдар арасындағы қарым-қатынас, отбасы құндылықтары, жұмыссыздық, қаржылық әрі цифрлық тәуелділік секілді маңызды тақырыптарды көркем тілмен бейнелейді.

Кешіне қош келген құрметті меймандарына ыстық ықыласын білдірген Аңсаған Мұстафа өзі қозғаған әлеуметтік мәселелердің жаһандық деңгейде мәселеге айналып бара жатқанын қынжыла жеткізді.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек те көрменің мазмұнына ерекше тоқталып, қазіргі қоғамдағы ақпараттық кеңістіктің ықпалы туралы ой қозғады. Ол өз сөзінде әлеуметтік желіні пайдалануда аса сақ болу қажеттігін атап өтті.

«Аңсаған Мұстафа шығармашылығы – бүгінгі қоғамның айнасы іспетті. Қытай философиясында «адам не жесе, соған ұқсайды» деген тәмсіл бар. Сол секілді, адам әлеуметтік желіде нені көрсе, кімге жазылса, қандай ақпарат тұтынса, біртіндеп соған бейімделеді. Сондықтан бұл көрмедегі туындылар әрбір көрерменді ойландырып, санасына ой салып, өз таңдауына сын көзбен қарауға жетелейді деп сенемін», – деді Д. Кәрібек.

«Сөйле, сурет» жобасы 2014 жылы Астанада бастау алып, кейін еліміздің көптеген қалаларында таныстырылды. Аталған экспозиция – суретшінің шығармашылық жолындағы 200-ші мерейтойлық көрмесі. Бүгінде суретшінің жұмыстары әлемнің 30-дан астам елінде ұсынылған.

Көрме Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің 6-қабатында 2026 жылғы 19 мамырға дейін өз келушілерін күтеді.