Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен «Әсемдікке құштарлық» жобасы аясында «Өрнек ырғақтары» тақырыбында қазақтың ою-өрнектерін оюдан шеберлік сабақ өтті.
Сабаққа Астана қаласы Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары қатысты.
Шеберлік сабақтың мақсаты – оқушыларды қазақ халқының бай қолөнер мұрасымен таныстыра отырып, ұлттық өнерді қастерлеуге баулу, сондай-ақ заманауи фетр материалымен жұмыс істеу арқылы олардың эстетикалық әрі шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Шеберлік сабақты өткізуге Көркем еңбек пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Балжан Рамазан шақырылды. Сабақтың басында маман қазақ халқының ұлттық коды болып саналатын ою-өрнектердің мағыналық ерекшеліктеріне тоқталып өтті.
Содан кейін Этнография залындағы жәдігерлер негізінде «ырғақ» заңдылығының қолөнердегі маңызы мен көшпелі халықтың эстетикалық түсінігі туралы терең мағлұмат беріп, оқушылардың тарихи танымын кеңейтті.
Практикалық бөлімде Балжан Сағындыққызы оқушыларға фетрден оюлы панно жасаудың қыр-сырын көрсетіп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Қатысушылар фетрді қию, композиция құрастыру және ыстық желіммен жұмыс істеу техникасын меңгерді. Бұл процесс балалардың зейінін шоғырландырып, өз қолдарымен бұйым жасауға деген қызығушылықтарын оятты.
Қатысушылар қазақ ою-өрнегінің қыр-сырын танып, практикалық дағдыларын шыңдады. Бұл сабақ жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырып, эстетикалық талғамын дамытуға бағытталды.