Ыстамбұлда «Оғыз феномені: Ұлы Даладан Анадолыға дейін» көрмесі өтіп жатыр

Ыстамбұл қаласындағы Түрік және ислам өнері музейінде «Оғыз феномені: Ұлы Даладан Анадолыға дейін» атты халықаралық конференция мен ауқымды көрме жоғары деңгейде өтті. Бұл тағылымды іс-шара Ұлы Дала және Анадолы арасындағы тарихи-мәдени сабақтастықты айшықтап, түркі өркениетінің терең тамырларын қайта зерделеуге мүмкіндік берді.

Іс-шара ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының әрі Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің бірлескен ұйымдастыруымен өтті.

Атаулы көрме келушілеріне ҚР Ұлттық музейінің құнды экспонаттары ұсынылып қана қоймай, Қызылорда, Ақтөбе әрі Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейлері қорларынан алынған бірегей артефактілер және Түркия музейлерінің оғыздардың Анадолы кезеңіне қатысты жәдігерлері қойылды. Жалпы саны 278 құнды бұйымды қамтыған экспозиция көрермендерді түркі халықтарының бай тарихи мұрасымен тереңірек таныстырды.

Конференция мен көрменің салтанатты ашылуына ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, Қазақстан Республикасының Ыстамбұл қаласындағы Бас консулы Аманқұл Нұриддинов, Түркияның Мәдениет және туризм министрлігінің департамент директоры Бироль Инджеджикоз, ҚР Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы қатысты.

Пленарлық отырыс барысында ғалымдар оғыз тайпаларының шығу тегі әрі тарихи рөлін жан-жақты талдап, олардың қазіргі түркі өркениетіне қосқан үлесін саралады. Сондай-ақ, Анадолы аумағындағы археологиялық зерттеулер, Жанкент және басқа да Сырдарияның төменгі ағысындағы ортағасырлық қалалардың урбанизациялық үдерістері туралы мазмұнды баяндамалар жасалды. Жаңа археологиялық деректер ұсынылып, музей ісінің заманауи тәжірибелері талқыланды, ғылыми пікір алмасу өріс алды.

Көрме экспозициясында оғыз дәуіріне тиесілі сирек әрі құнды археологиялық жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылып, түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасы кеңінен дәріптелді. Көрмеге көзайым болғыларыңыз келсе маусым айының соңына дейін мүмкіндіктеріңіз бар.