«Paleokids», «Жас археолог» пен «Мерген» үйірмелерінің жұмысы басталды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде балалар мен жасөспірімдерге арналған «Paleokids», «Жас археолог» және «Мерген» үйірмелерінің жұмысы басталды.

Аталған үйірмелердің алғашқы кіріспе сабақтары ұйымдастырылып, қатысушылар жобалардың мазмұнымен әрі бағыттарымен танысты. Бұл бастама музейдің білім беру кеңістігін кеңейтіп, балаларға ғылым мен мәдениетті тәжірибе арқылы тануға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қазақстан тарихы бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, PhD Руслан Дуванбеков жүргізген «Paleokids» үйірмесі аясында балалар палеонтология ғылымының негіздерімен танысып, Жер тарихы және ежелгі тіршілік иелері туралы алғашқы түсініктер алды.

«Жас археолог» үйірмесінде қатысушылар археология ғылымының ерекшеліктері, тарихи жәдігерлермен жұмыс істеу тәсілдері әрі Қазақстан аумағындағы ежелгі өркениеттер туралы мәліметтермен танысты. Үйірме сабағын Ұлттық музейдің Қазақстан тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері Сүлейман Тлекшиев өткізді.

Ал «Мерген» дәстүрлі садақ ату үйірмесінде қатысушылар ұлттық жауынгерлік мәдениет негіздерімен танысып, қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Үйірмені Республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының жаттықтырушысы Жанай Құрманғали жүргізді.

Үйірме сабақтары интерактивті форматта өткізіліп, балалардың ғылыми-танымдық қызығушылығын арттыруға, зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, бұл жобалар өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға әрі олардың жан-жақты дамуына оң ықпал етеді.

Аталған бастама музей мен білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, балаларға арналған жаңа мәдени-ағартушылық мүмкіндіктерді қалыптастырады. Бұл өз кезегінде жас буынның ғылымға, тарихқа және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам саналады.

Балаларының қызығушылығын дамытып, уақытын тиімді ұйымдастыруды қалайтын ата-аналарды балаларын ҚР Ұлттық музейінің аталған үйірмелеріне қатыстыруға шақырамыз! Үйірмелер туралы толық ақпаратты 91-90-35,91-90-36 байланыс нөмерлерінен біле аласыздар.