Корейлік жаңа медиа суретшісі Хван Сонджонның көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде корейлік жаңа медиа суретшісі әрі композитор Хван Сонджонның «Планетарлық өрім: Теллуриялық ырғақтар мен тоғысқан естеліктер» атты жеке көрмесі ашылды.

Іс-шара барысында арнайы келген қонақтар алдында сөз сөйлеген ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева бұл көрме көрермендерге жаңа ой және ерекше әсер сыйлап, адам мен табиғат арасындағы байланысты тереңірек түсінуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. 

«Мұндай мәдени жобалар Қазақстан және Корея арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтып, заманауи өнер саласындағы халықаралық диалогтың дамуына ықпал етеді деп сенемін», – деді Ақмарал Ғосманқызы.

Бұдан кейін сөз кезегі көрме авторы Хван Сонджонға берілді. Ол Ұлттық музейге, Корей мәдени орталығына әрі барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, екі ел арасындағы мәдени байланыстың одан әрі дами беретініне тоқталды.

«Мен үшін түрлі тарихтар, ландшафттар мен ырғақтар тоғысқан Астана қаласында өз жұмысымды ұсыну – үлкен қуаныш. Көрмені тамашалау барысында сіздер тек қарап қана қоймай, тыңдап, сезініп, бәлкім өз қабылдауларыңыздағы нәзік өзгерістерді байқайсыздар деп үміттенемін», – деді автор.

Сөз соңында Хван Сонджон музейдің үлкен экраны арқылы өзінің визуалды және дыбыстық композициясын ұсынды.

Жалпы, көрме экспозициясында оннан аса бейне, дыбыс, қозғалыс әрі визуалды образдарды біріктіретін мультисенсорлық кеңістік ретіндегі туынды ұсынылды. Автор инсталляциялар мен дыбыстық композициялар арқылы табиғат ырғақтарын сезінуге мүмкіндік беретін ерекше орта қалыптастырып, көрерменді планеталық экожүйедегі барлық элементтердің өзара байланысы туралы ойлануға шақырады.

Көрме өз келушілерін мамырдың 24-ші жұлдызына дейін күтеді.