Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні аталып өтті

Ұлттық музейде 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күніне орай «Мейірім» жобасы аясында «Менің ғажайып әлемім» атты бестемше ойынынан жарыс өтті.

Оған «Астана қаласының мүгедектігі бар адамдарға арналған ұлттық спорт түрлері Федерациясы» қоғамдық бірлестігінің, Ж. Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназиясының, №103 жалпы орта мектебінің, Ж. Аймауытұлы атындағы №24 жалпы орта мектебінің ерекше білім беруді қажет ететін балалары қатысты.

Жарыстың мақсаты – ұлттық ойындар арқылы балаларға ақыл-ой, дене шынықтыру, салауатты өмір салтын насихаттау, ойлау қабілетін дамыту, ұсақ қол моторикасын жетілдіру және ұлттық ойынға деген қызығушылығын арттыру.

Алдымен бестемше ойынының ережелері таныстырылып, сосын қатысушылар бірнеше кезең бойынша бақ сынасты. Қатысушылар белсенділік танытып, ойынға деген қызығушылықтарын көрсетіп, жарыс өте тартысты әрі қызықты өтті.

Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін қолайлы, қолдаушы орта қалыптастырылып, олардың өз мүмкіндіктерін еркін көрсетуіне жағдай жасалды.

Іс-шара барысында қатысушылардың барлығына тең мүмкіндік беріліп, әр баланың қабілеті мен белсенділігі ескерілді. Әр кезеңде балалардың логикалық ойлау қабілеті, шапшаңдығы, зейіні және ойын стратегиясын құру дағдылары бағаланды. Ұйымдастырушылар тарапынан әділ бағалау жүргізіліп, нәтижесінде үздік ойыншылар анықталды.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен әрі естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, олардың белсенді қатысқаны үшін ризашылық білдірілді.

Аталған шара балалардың әлеуметтік бейімделуіне, өз-өзіне деген сенімділігін арттыруға және ұлттық ойындарға деген қызығушылығын дамытуға оң ықпал етті.