Ұлттық киімді дәріптеуге арналған дөңгелек үстел өтті

«Наурызнаманың» он күндігі аясында ҚР Ұлттық музейінде ұлттық киімді дәріптеуге арналған дөңгелек үстел өтті. Шараның басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі киімінің тарихи және мәдени маңызын насихаттау, оның тәрбиелік мәнін көрсету әрі оны қазіргі өмірде қолданудың тиімді жолдарын талқылау болды.

Кездесу барысында қатысушылар қазақ киімінің сұлулығы мен терең философиялық мәнін әр қырынан ашты. «Nomad» этноорталығының этнографы және қолөнер шебері Бұлбұл Кәпқызы «Ұлттық киім – рухани және материалдық мұра» тақырыбында киімнің тарихы мен мәдени рөлін жан-жақты түсіндірсе, Астана қаласындағы №101 «Келешек» мектебінің мұғалімі Мәншүк Озғанбайқызы «Ұлттық ою-өрнектің мән-мағынасы» арқылы әр оюдағы терең философиялық ойларды тарқатты.

Қазақстан Суретшілер және Қолөнершілер Евразия Дизайнерлер Одағының мүшесі Венера Полатбекқызы киім дайындауда табиғи әрі таза шикізаттың маңыздылығын ерекше атап өтіп, сапа мен дәстүрлі техникаға мән берудің қажеттілігін айтты. Дизайнер Алтынгүл Мәденқызы ұлттық киімді заманауи бағытта дамыту жолдарын ұсынып, оны бүгінгі стильге бейімдеудің мүмкіндіктерін бөлісті. Сонымен қатар, өнертанушы Назерке Шынарбек тарихи фильмдердегі қазақ әйелдерінің киім үлгілерін талдай отырып, дәстүр әрі қазіргі өмір арасындағы байланысты жаңа қырынан көрсетті.

Кездесу соңында қатысушылар ұлттық киімді сақтау, дамыту және оны қазіргі заманға бейімдеудің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Мұндай шаралар мәдени мұрамызды жаңғыртып, ұлттық болмысымызды сақтауға әрі оны келер ұрпаққа жеткізуге зор үлес қосатыны сөзсіз.

Ұлттық киім – тек сәнді немесе сәндік зат қана емес, ол біздің тарихымызды, мәдениетімізді және рухани құндылықтарымызды бейнелейтін маңызды элемент екенін бұл дөңгелек үстел тағы бір мәрте дәлелдеді.