Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қабырғасында «Наурызнама» онкүндігі аясында Шаңырақ күніне орай мазмұнды да тағылымы терең іс-шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі – «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» залында өткен кітап қорының қор сақтаушысы Жанат Аманованың «Киіз үй – қазақ халқының мәдени мұрасы» атты этнографиялық дәрісі.
Аталған дәріс музей келушілерінің зор қызығушылығын тудырып, жоғары белсенділікпен өтті. Дәріс барысында киіз үйдің тек баспана ғана емес, қазақ халқының дүниетанымы мен рухани болмысының айқын көрінісі екені кеңінен тарқатылды. Шаңырақ, кереге, уық секілді әрбір бөлшектің өзіндік мән-мағынасы әрі терең философиялық мазмұны жан-жақты ашылып, ата-бабадан жеткен ұлы мұраның өміршеңдігі айшықталды. Сонымен қатар, киіз үйдің табиғатпен үйлесімділігі, көшпелі өмір салтына бейімділігі және ұлттық құндылық ретіндегі орны ерекше екені атап өтілді.
Музей аясында бұдан бөлек «Сандық сыры, кілем өнері» атты тақырыптық экскурсия ұйымдастырылып, оған Астана қаласындағы №72 мектеп-лицейінің оқушылары қатысты. Экскурсия барысында оқушылар сандық пен кілемнің тек тұрмыстық бұйым ғана емес, отбасы берекесі әрі рухани сабақтастықтың символы екенін тереңірек таныды. Кілем өрнектерінің астарлы мәні және ұлттық қолөнердің көркемдік ерекшеліктері жас ұрпаққа ерекше әсер қалдырды.
Экскурсияны Экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің әдіскері Айгүл Рахтаева мен экскурсия жүргізушісі Алия Махай жоғары деңгейде жүргізіп, қатысушыларға мазмұнды ақпарат ұсынды.
Осындай тағылымы мол шаралар арқылы ұлттық мәдениетіміздің терең тамыры әрі бай мұрасы жас буынның санасына сіңіріліп, ұрпақтар сабақтастығы жалғасын табуда.