Сыбызғышы Бауыржан Мұхаметбайұлымен кездесу ұйымдастырылды

Наурыз мерекесін кеңінен дәріптеуге бағытталған Наурызнама онкүндігі аясында жоспарланған мәдени шаралар легі өз жалғасын табуда.

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына қарасты «Халық қазынасы» Ұлттық өнер орталығының әртісі, белгілі сыбызғышы Бауыржан Мұхаметбайұлымен кездесу өтті.

Ұлттық өнерді насихаттауға арналған бұл іс-шараға музей қонақтары, өнерсүйер қауым мен жастар қатысып, қазақтың көне музыкалық мұрасы туралы терең мағлұмат алды.

Шара модераторы Ардаби Мәулетұлы арнайы келген қонақты таныстырып, қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарының бірі – сыбызғының тарихы әрі маңызына қысқаша тоқталды. Ол сыбызғының қазақ халқының дәстүрлі музыка мәдениетінде ерекше орын алатынын атап өтіп, бұл аспаптың халқымыздың рухани әлемімен, табиғатпен және көшпелі өмір салтымен тығыз байланыста қалыптасқанын айтты.

Өз кезегінде Бауыржан Мұхаметбайұлы сыбызғы аспабының шығу тарихы, оның қазақтың дәстүрлі музыка мәдениетіндегі орны мен ерекшеліктері жайында кеңінен әңгімеледі. Өнер иесі сыбызғының көбіне табиғи материалдардан жасалатынын, оның әуені кең қазақ даласының тынысын, табиғаттың үнін бейнелейтінін ерекше әсерлі жеткізді.

Сондай-ақ, ол аспаптың орындаушылық мүмкіндіктеріне тоқталып, сыбызғыда бірнеше халық шығармаларын орындап берді. Сыбызғының сырлы да қоңыр үні көрермендерге ерекше әсер қалдырып, қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің тереңдігі әрі көркемдігін тағы бір мәрте айқындады.

Кездесу барысында қатысушылар өнер иесіне түрлі сұрақтар қойып, сыбызғы өнерінің қыр-сыры, дәстүрлі музыканың бүгінгі қоғамдағы орны туралы еркін пікір алмасты.

Іс-шарада «Мәдени мұраны» ғылыми-зерттеу институтының басшысы Назгүл Кадримбетова арнайы келген қонаққа қатысушылар атынан алғыс білдіріп, ұлттық өнерді дәріптеу жолындағы шығармашылық еңбегіне табыс тіледі.

Шара соңында қатысушылар өнер иесімен естелік фотосуретке түсіп, ұлттық өнердің әсерлі әуеніне бөленген ерекше рухани көңіл-күймен тарқасты.