Е.Исатаевтың «Ұста мұрасы: шеберлік пен дәстүр» атты көрмесі өтіп жатыр

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қабырғасында Ерғазы Исатаевтың «Ұста мұрасы: шеберлік пен дәстүр» атты жеке көрмесі ашылды. Қолөнер шеберінің 60 жылдық мерейтойына арналған көрме Қазақстан Суретшілер Одағы әрі Қазақстан Дизайнерлер Одағы мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, зергер, суретші-шебер және реставратор ретінде танылған шебердің шығармашылығын кеңінен насихаттауға бағытталған.

Көрме Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейімен бірлесе ұйымдастырылды. Экспозицияның негізін шебердің жеке коллекциясы мен музей қорындағы құнды жәдігерлер құрайды.

Көрме шымылдығын түрген Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы шебердің еңбектері еліміздің бірнеше музейінде сақталғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазақ дәстүрінде «ұста» ұғымы ерекше құрметке ие. – «Ұста – кездейсоқ кәсіп емес, ол атадан балаға жалғасатын қасиет. Осы киелі өнерді кәсіпке айналдырып, музей ісімен ұштастырып келе жатқаныңыз үшін сізге алғыс білдіреміз», – деді ол.

Өз кезегінде Ерғазы Исатаев Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінде 30 жылға жуық еңбек етіп келе жатқанын айтып, осы уақыт ішінде жүзге жуық экспонатты қалпына келтіріп, жаңадан жасағанын жеткізді. Шебердің айтуынша, ол зергерлік өнермен қатар ағаш, темір, сүйек әрі тері өңдеумен де айналысады.

Экспозицияда XVIII-XIX ғасырлар және XX ғасырдың басына жататын қазақтың дәстүрлі тұрмыс мәдениетін, батырлық дәстүрін әрі зергерлік өнерін танытатын 60-қа жуық жәдігер ұсынылған. Олардың қатарында тұрмыстық бұйымдар, зергерлік әшекейлер, батырлардың қару-жарақтары және ат әбзелдері бар. Сондай-ақ, Талды-2 қорғанынан табылған (б.з.д. VII-VI ғғ.) ат әбзелдерінің реконструкциясы да көрермен назарына ұсынылған.

«Ұста мұрасы: шеберлік пен дәстүр» көрмесі өз көрермендерін сәуірдің 23-не дейін күтеді.