Амал мерекесіне арналған іс-шара өткізілді

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Наурызнама» онкүндігі аясында «Амал мерекесі – ізгілік пен бірліктің белгісі» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті.

Тағылымы терең мерекелік жиынға Ұлттық музей қызметкерлері, құрметті қонақтар және мәдениет саласының өкілдері қатысып, көктемнің жаңару рухын бірге сезінді.

Шара барысында Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы жиналған қауымды «Амал» мерекесімен шын жүректен құттықтап, бұл күннің адамдарды жақындастырып, татулық әрі бауырмалдықты арттыратын, ұлттық дәстүріміздің мәйегіне айналған ерекше мереке екенін атап өтті. Ол өз сөзінде «Амалдың» халқымыздың ізгілікке үндейтін, үлкен мен кішіні табыстырып, жүректерді жақындастыратын мәні терең рухани құндылық екенін жеткізді.

Мерекелік іс-шара одан әрі әсерлі концерттік бағдарламаға ұласты. Көктемнің нәзік лебін сездірген «Көктем» биі көрермендердің көңілінен шығып, жиналған қауымға ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бұдан кейін «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы және «Геральдикалық зерттеулер орталығы» ұжымы театрландырылған қойылым ұсынып, көрісу дәстүрінің мән-маңызын көркем түрде бейнеледі. Қойылым барысында ақ бата беріліп, жаңару мен жаңғырудың белгісіне айналған бұл күннің тарихи мәні және тағылымы кеңінен баяндалды.

Сонымен қатар, мерекелік кеште ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының өкілдері, Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ Достық үйінің өкілдері, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің ансамблі, «Наз» мемлекеттік би театрының әншілері әрі К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері өнер көрсетіп, көрермендерге әсем ән мен би тарту етті.

Амал мерекесі – адамдардың бір-бірімен көрісіп, амандық сұрасу арқылы татулықты, бауырмалдық және өзара құрметті нығайтатын көне дәстүрлердің бірі. Бұрын бұл мереке еліміздің батыс өңірінде кеңінен тойланса, бүгінде оның мәні қайта жаңғырып, бүкіл ел көлемінде дәстүрлі сипат алып келеді.