Балалар «Аңыз әлемінде» атты Наурыз ертеңгілігін тамашалады

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында 10-14 наурыз күндері Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі кішкентай қонақтарына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Музей қабырғасында балаларға арналған «Аңыз әлемінде» атты Наурыз ертеңгілігі өтті.

Музыкалық-поэтикалық, театрландырылған қойылым форматында ұйымдастырылған шарада жақсылық пен жамандықтың, жылы мен суықтың күресі арқылы табиғаттың жаңаруы бейнеленіп, қазақ халқының бай аңыз-әпсаналары сахналық көрініс арқылы ұсынылды.

Бұл жарқын мәдени бағдарлама балалардың қиялын дамытып, ұлттық дүниетаныммен таныстыруды, сондай-ақ төл мәдениетімізге деген қызығушылықты арттыруды мақсат етті.

Ертеңгілікке 1000-нан аса мектепке дейінгі жастағы балалар, елордалық мектептердің бастауыш сынып оқушылары, «Замандас» отбасылық аула клубының тәрбиеленушілері және арнайы білім беруді қажет ететін балалар қатысты.

Ұлттық музей әрдайым жас ұрпаққа рухани құндылықтарды дәріптеп, ұлттық мәдени мұраны заманауи форматта таныстыруды жалғастыра береді.