Ұлттық музей мен Қазақ ұлттық хореография академиясы меморандум бекітті

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Қазақ ұлттық хореография академиясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бұл маңызды құжат – мәдениет және өнер саласындағы өзара әріптестікті жаңа деңгейге көтеру жолында жасалып жатқан оң қадамдардың бірі.

Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова бастаған өнер ұжымын ізгі ілтипатпен қарсы алған Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы бұл келісімнің маңыздылығына тоқталды.

Ол өз сөзінде Академияның еліміздегі әрі Орталық Азия кеңістігіндегі хореографиялық білім мен шығармашылық дамудың жетекші орталығы екенін атап өтті. Үздіксіз білім беру жүйесі және халықаралық байланыстарының арқасында Академия ұлттық өнердің өркендеуіне зор үлес қосып отырғанын тілге тиек етті.

Бұған қоса, Берік Әбідғалиұлы музейдің басты міндеті – мәдени мұраны сақтау ғана емес, оны заманауи қоғаммен сабақтастыра отырып, жаңа шығармашылық форматтар арқылы кеңінен насихаттау екенін де жасырмады. Осы тұрғыдан алғанда, Музей мен Академия серіктестігі өнер және тарихтың, дәстүр әрі жаңашылдықтың үйлесімді тоғысуына жол ашпақ.

Тараптар алдағы уақытта бірлескен мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыру, шығармашылық іс-шаралар ұйымдастыру, жас мамандардың тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасау әрі кәсіби тәжірибе алмасу бағытында нақты жұмыстар атқаруға уағдаласты. Берік Әбдіғалиұлы мәдени шараларды бірлесе ұйымдастыру үшін алдын ала жұмыс жоспарын бекітуді тапсырды. 

Рәсім соңында тараптар естелік кәдесыйлармен алмасты. Іс-шара аясында Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері қазақ биін билеп, өнерден шашу шашты. Ұлттық нақыштағы би қойылымы жиынның көркін қыздырып, мерекелік көңіл күй сыйлады.