ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне арнайы сапармен келді. Құрметті мейманды музей директоры Берік Әбдіғалиұлы қарсы алып, қос тарап ресми кездесу өткізді.
Басқосу барысында түркі әлемінің мәдени мұрасын насихаттау әрі халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Атап айтқанда, «Оғыз феномені: Ұлы даладан Анадолыға дейін» атты халықаралық көрмені ұйымдастыру жайы сөз болды. Көрменің ашылуы 7 сәуір күні Ыстамбұл қаласындағы «Түркия және ислам өнері» музейі алаңында өтеді деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, «Түркі әлемінің жауһарлары» каталогін әзірлеу мен оны халықаралық деңгейде таныстыру мәселелері талқыланды. Бұл ретте ТҮРКСОЙ тарапынан қолдау көрсету мүмкіндіктері қарастырылатыны да аталып өтілді.
Кездесу қорытындысында тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласты.
Сондай-ақ, мәртебелі мейманға қазақ халқының бай мәдениеті, салт-дәстүрі мен өнері туралы ақпарат беріліп, ҚР Ұлттық музейі залдарына экскурсия ұйымдастырылды.