10-14 ақпан күндері Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне жұмыс сапарымен Саксонияда (Германия) орналасқан Хемниц мемлекеттік археологиялық музейінің директоры Сабине Вольфарм, бас куратор Йенс Бойтман мен ғылыми қызметкер Антон Гончаров келді.
10 ақпанда ҚР Ұлттық музейі директоры Берік Әбдіғалиұлының қатысуымен ресми кездесу өтті. Оған Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы да қатысты. Келіссөздер барысында 2026 жылға жоспарланған бірлескен ғылыми конференция өткізу мәселелері, сондай-ақ 2027 жылы Хемниц қаласында өтетін Ұлттық музей қорынан жасақталатын көрмеге дайындық барысы жан-жақты талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар болашақ көрменің ғылыми тұжырымдамасын айқындау және ынтымақтастықтың тиімді форматын белгілеу мақсатында музей қорлары әрі ғылыми материалдармен танысты. Сонымен қатар, серіктестікті одан әрі дамытуға бағытталған ғылыми консультациялар өткізу, мамандар алмасу мен бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру жөніндегі нақты қадамдар жоспары бекітілді.
Алда жүзеге асырылатын жобалар музей саласындағы халықаралық әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын Еуропа жұртшылығына кеңінен танытуға жол ашпақ.