Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Суретшілер одағымен бірлесіп, Жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған «Ата заң – жарқын өмір кепілі» атты дөңгелек үстел өтті. Тағылымды шараға 60-тан астам қатысушы жиналып, олар Конституцияның жаңа жобасын қолдайтындарын білдірді.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген көрнекті суретші, «Астана қаласы Суретшілер одағы» ҚБ басқарма төрағасы Өмірәлі Исмаилов: «Ата заң – жарқын өмір кепілі» тіркесі жай ғана ұран емес, ол қоғам дамуының іргетасын қалайтын негізгі құндылықтарды, адам қадір-қасиетін, еркіндік пен жауапкершілікті айқындайды», – деді.
ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева өз сөзінде: «Конституция – мемлекет тұрақтылығының, болашағы және кепілінің негізі. Жаңа жобаға өнер, ұлттық құндылықтар әрі тарихи-мәдени мұраға қатысты маңызды ұғымдардың енуі – аса құнды бастама», – деп, құжаттың ел азаматтарының құқықтарын қорғаудағы маңызын ерекше атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында танымал суретшілер Жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірлерін ортаға салып, оның Қазақстанның дамуына, соның ішінде өнер мен мәдениет саласына тың серпін беретінін сеніммен жеткізді.
Осылайша, аталған басқосу Конституциялық реформаның негізгі қағидаттарын шығармашылық қауым өкілдерімен, әсіресе суретшілермен бірлесе отырып ғылыми-кәсіби және көркем-танымдық тұрғыдан қолдауға мүмкіндік берген еркін пікір алмасу алаңына айналды.