ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған «2025-2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасы» аясында ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқықтарын қорғау және олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Құжатта ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз ету, кедергісіз орта қалыптастыру, олардың әлеуетін толық іске асыру әрі қоғамның барлық салаларында инклюзия қағидаларын жүйелі түрде енгізу міндеттері көзделген.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі «Қолжетімді музей: баршаға арналған мәдени мұра» жобасы аясында Еңбек ресурстарын дамыту орталығымен бірлесіп, «Музейдегі инклюзия: қолжетімді орта қалыптастыру тәжірибесі» тақырыбында семинар-дәріс өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – музей кеңістігінде кедергісіз орта қалыптастыру, инклюзивті музейлік тәжірибені дамыту, музей мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру және ерекше қажеттіліктері бар келушілермен жұмыс жүргізу әдістерін жетілдіру болды.
Семинар-дәріс барысында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ кеңесші-сарапшысы Гүлнар Ахмолдина мен Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» МКҚК-нің қолжетімділік және инклюзия мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі Анна Дик дәріс оқыды.
Аталмыш шарада Ұлттық музейде қолжетімді ортаны қалыптастыру тәжірибесі, ерекше қажеттіліктері бар адамдармен этикалық әрі тиімді коммуникация, музей нысанының қолжетімділігін бағалау мен оны Invago Қазақстан цифрлық картасына енгізу мәселелері жан-жақты талқыланды.