Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы мен Мажарстан Ұлттық музейінің директоры Жигмонд Габор халықаралық ғылыми, мәдени және музейлік байланыстарды дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Сонымен қатар, ҚР Ұлттық музейінің делегациясы көп жылдан бері ынтымақтастық орнаған Мажарстанның Жаратылыстану тарихы музейінің жұмысымен танысты. Музей директорының кеңесшісі Андраш Биро мәдени нысанның тарихымен таныстырып, толыққанды мағұламат берді.
Сапар барысында музей директоры Берік Әбдіғалиұлы мен экспозиционер-маман Марина Лачкова музей экспозицияларымен танысып, Антропология институтында ұйымдастырылған экскурсияға қатысты.
Шара барысында Мажарстандық әріптестердің зерттеу инфрақұрылымы және жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалары таныстырылды. Аталған кездесулер ғылыми-зерттеу саласындағы әріптестікті кеңейтіп, тәжірибе алмасу мен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға оң серпін бермек.
Айта кету қажет, Мажарстанның Жаратылыстану тарихы музейінің антропологтары Әбілхаир хан және Кейкі батырдың (Ұлттық музейдегі) келбетін жасаған. Ол жұмыс бас сүйектерінен бастап толық ғылыми зерттеу негізінде дайындалған.