Ұлттық музей Мажарстандағы ғылыми конференцияға қатысты

Мажарстан ұлттық музейінде «Еуропалық ғұндар. Далалық археологияның соңғы нәтижелері» тақырыбында ғылыми конференция өтті.

Конференцияға қатысқан Мажарстан, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия, Моңғолияның жетекші музейлері мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері және ғалымдар соңғы жылдары жүргізілген далалық археологиялық, археогенетикалық зерттеулердің нәтижелері бойынша баяндамалар жасады.

Сонымен қатар, Будапешт қаласында ТҮРКСОЙ Бас хатшысы С.Раевтың қатысуымен, Музейлер бірлестігі үйлестірушілерінің 4-ші кездесуі өтті. «ТҮРКСОЙ» Музейлер бірлестігіне мүше елдердің үйлестірушілері семинары музей ісі саласындағы кәсіби диалог пен тәжірибе алмасуға арналған тұрақты халықаралық алаң болып саналады.

Жиында 2026 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы – Әндіжан қаласында өтетін Түркі әлемі музейлері жетекшілерінің 5-ші кездесуіне дайындық және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, бұнымен бірге «Әндіжан – Түркі әлемінің мәдени астанасы 2026» аясында өтетін іс-шаралар кешені талқыланды.

Сондай-ақ, Түркі әлемінің музей саласын дамытуға серпін беретін ТҮРКСОЙ музейлер бірлестігінің Премиясын тағайындау туралы шешім қабылданды. Кездесу барысында аталған бірлестікке мүше ретінде енген музейлерге арнайы сертификаттар табысталды.