«Өнерлі қол – бақытқа жол» шеберлік сабағы өткізілді

Ұлттық музейде «Өнерлі қол – бақытқа жол» тақырыбында шеберлік сабағы өтті.

Іс-шараның мақсаты – қазақ халқының бай қолөнер мұрасымен таныстыра отырып, халық өнерін қастерлеуге баулу, сондай-ақ оқушылардың өз қолдарымен киізге петроглиф бейнелерін салу арқылы эстетикалық және шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Сабақ барысында оқушылар өнер ұғымымен, тасқа қашалған таңбалар – петроглифтердің тарихымен танысты. Сонымен қатар, көшпелі халықтың байырғы дәуірден тұрмысында кеңінен қолданылған жүннің маңызы туралы мағлұмат беріле отырып, оның көне тас өнерімен өзара байланысы түсіндірілді.

Сабақтың практикалық бөлімін Еуразиялық Дизайнерлер Одағының мүшесі, жоғары оқу орындарында 22 жыл бойы «Сәулет» пен «Дизайн» мамандықтары бойынша дәріс берген, арт-менеджмент, экодизайн, композиция, кескіндеме, академиялық сурет пәндерінің білікті маманы, қазіргі таңда ҚР Ұлттық музейінің Өнертану бөлімінің жетекшісі Шолпан Дидар жүргізді. Ол жеткіншектерге көне дәуір өнерін бүгінгі күнмен байланыстыра отырып, киізге петроглиф бейнелерін салудың қыр-сырын көрсетіп, өз тәжірибесімен бөлісті.

Оқушылар шығармашылық шабытпен жұмыстарын тиянақты орындап шықты. Бұл сабақ жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырып, эстетикалық талғамын дамытуға бағытталды.

Аталған шеберлік сабағына Астана қаласы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты.