Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Таң Шолпан» халықаралық тәуелсіз әйел суретшілер қорының 25 жылдық мерейтойына арналған «СЕНІМ» атты мерекелік көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Көрменің басты мақсаты – отандық әрі халықаралық өнер кеңістігінде әртүрлі бағыт пен жанрда еңбек етіп жүрген, өзіндік қолтаңбасы бар, инновациялық идеяларымен ерекшеленетін, жоғары кәсіби деңгейдегі дарынды әрі креативті әйел суретшілердің шығармашылығын кеңінен насихаттау.
Салтанатты шарада Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқи отырып, нәзік жандардың өнердегі орнына айрықша тоқталды.
Көрмеге 150-ден астам шебер ханымдардың қолынан шыққан ұлттық қолөнер бұйымдары, зергерлік әшекейлер, сәндік заттар мен түрлі кәдесыйлар қойылған. Әр туындыдан терең мағына, яки нәзік сезім мен махаббатты көруге болады.
Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Сайран Дүйсеновтың айтуынша, көрме екі ай бойы көрермен назарына ұсынылады. Сонымен қатар, алдағы уақытта да осындай мәдени-ағартушылық шаралар жалғасады.
Бұл күнгі құрметті меймандар қатарында Сенат депутаты Жанна Асанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Естай Дәубаев қатысып, мерейтой иелеріне жылы лебіздерін әрі құттықтау тілектерін жеткізді.
Тұнып тұрған ұлттық қолөнер, көз сүйсіндірер, қараған жанды бейжай қалдырмайтын көркем туындылар сіздерді Ұлттық музейдің 4-қабатында күтеді.