Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен «Қолөнер ғаламшары» үйірмесі аясында «Қысқы ертегі» тақырыбында шығармашылық сабағы өтті.
Сабаққа Астана қаласының «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан ерекше білім беруді қажет ететін балалар қатысты.
Сабақтың мақсаты – балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, қиялын кеңейту, бейнелеу өнерінің түрлі әдіс-тәсілдерімен таныстыру, сондай-ақ ұсақ қол моторикасын жетілдіру.
Сабақ барысында қатысушылар ертегілік қыс көрінісін бейнелеудің ерекше тәсілдерін меңгерді. Алдын ала дайындалған трафареттер әрі ысқыштар көмегімен балалар шыршалар мен қардың бейнесін бояды. Сонымен қатар, қылқалам арқылы ақ бояуды шашырату әдісін қолданып, жапалақтап жауған қар әсерін бейнеледі. Бұл шығармашылық жұмыс балалардың қызығушылығын арттырып, олардың белсенді қатысуына ықпал етті.
Сабақтың қорытынды кезеңінде балалар орман кейіпкерлерінің дайын суреттерін өз жұмыстарына жапсырып, композицияны толықтырды. Жұмыс барысында әр балаға ересектер тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп, жағымды әрі жылы атмосфера қалыптасты. Нәтижесінде балалар ерекше көркемдікпен орындалған шығармашылық жұмыстарын естелік ретінде өздерімен бірге алып кетті.