Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «SHAFT. Жасырын жіптердің құпиялары» атты халықаралық көрме өз жұмысын бастады.
Көрменің ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов қатысып, тарих пен мәдениеттің сабақтастығын негізге алған халықаралық жобаның маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде суретші Дария Нұртазаның шығармашылығы бай тарихи-мәдени мұрамен тығыз байланыста екенін атап өтіп, оның жұмысына сәттілік тіледі.
Көрмеде суретші Дария Нұртазаның өткен мен бүгіннің арасындағы рухани байланысты бейнелейтін «Kokonja» сериясындағы туындылары ұсынылған.
Сонымен қатар, салтанатты жиынға Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Сайран Дүйсенов, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу, Стамбул университетінің Тарихқа дейінгі археология кафедрасының меңгерушісі, «Taş Tepeler» жобасының үйлестірушісі, «Гөбеклитепе – Карахантепе» археологиялық қазба жұмыстарының жетекшісі, профессор, доктор Нежми Карул қатысты.
Жобаның концепциялық негізінде shaft (ағылш. – шурф) ұғымы жатыр. Бұл – археология ғылымында мәдени қабаттарды зерттеуге арналған арнайы термин.
Экспозиция аясында 1 инсталляциялық киіз үй, 4 көркем панно, сондай-ақ көрменің мазмұнын тереңдете түсетін мультимедиалық материалдар – бейнежазбалар, фотосуреттер әрі өзге де заманауи визуалды форматтар көрермен назарына ұсынылады.
Халықаралық көрме екі ай бойы музейдің 4-қабатында көрермен назарына ұсынылады.