ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ЖУРНАЛДАРЫ

Ұлттық музейде бүгінгі таңда екі журнал жарық көреді – «Мәдени мұра» ғылыми журналы және «Музей әлемі» ғылыми-танымдық журналы. Бұл басылымдар музейдің ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық және ақпараттық қызметінің маңызды құрамдас бөлігі саналады.

«Мәдени мұра» журналының тарихы 2002 жылдан басталады. Сол жылы Түркістан қаласында «Қазақстан музей ісінің өзекті мәселелері: тәжірибе және перспективалар» атты ІІ Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Осы конференция ұсыныстарына сәйкес, мазмұны музей ісіне арналған журналды шығару жұмыстары қолға алынды. Ұйымдастыру шаралары жедел жүргізіліп, бір айдың ішінде Мәдениет және ақпарат министрлігінде «Қазақстан музейлері» атты жаңа журнал тіркелді.

Қазіргі Қазақстан тарихындағы ауқымды гуманитарлық бастамалардың бірі – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылғаннан кейін журналдың тақырыптық аясы кеңейе түсті. 2007 жылдан бастап басылым «Мәдени мұра» деген атаумен жарық көре бастады.

Журналдың негізін қалаған редакторлар: профессор, Президенттік мәдениет орталығының директоры У.Ш. Ибрагимов (2002-2005 жж.), көрнекті қазақ жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Д. Досжан (2005-2013 жж.), белгілі журналист, жазушы, түрколог ғалым Ж. Бейсенбайұлы (2014-2017 жж.) болды.

2014 жылдың басында журнал Ұлттық музей қарамағына өтті. Осы кезеңнен бастап басылым мемлекеттік бағдарлама аясындағы мәселелермен қатар, халықаралық және отандық музей ісінің өзекті бағыттарын қамтып, журнал беттерінде елдің басты музейінің ғылыми-зерттеу, қор сақтау, экспозициялық және мәдени-ағартушылық қызметі кеңінен көрініс тапты. 

2020 жылдан бастап «Мәдени мұра» журналы ғылыми бағытқа көшіп, академиялық сипаттағы басылым ретінде дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. 

Журналға Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі Ақпарат комитетінің мерзімді басылымдарды ақпараттық агенттігіне тіркеу туралы № KZ74VPY00021104 куәлігі берілді (11.03.2020ж).

 2025 жылы Ұлттық музейдің «Мәдени мұра» журналы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025 жылғы 9 желтоқсандағы № 2138 бұйрығына сәйкес, ғылыми зерттеулердің негізгі нәтижелерін жариялауға ұсынылатын ғылыми басылымдардың 2-тізіміне енгізілді (https://madenimura-journal.kz/index.php/main). Тақырыптық бағыттары: археология, этнология, тарих, музей ісі.

Қазіргі таңда «Мәдени мұра» журналы – тарихи-мәдени мұраны сақтау, насихаттау, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді терең зерттеу, сондай-ақ дүниежүзілік өркениет қазынасына енгізуге лайықты мәдени құндылықтарды қалпына келтіру жөніндегі ғылыми жұмыстарды қамтитын, рецензияланатын ашық қолжетімді ғылыми басылым болып саналады.

2025 жылдан бастап Қазақстандағы музей ісі мен осы сала мамандарына арналған «Музей әлемі» ғылыми-танымдық журналын шығару қолға алынды. Мақсаты – Қазақстан музейлерінің ғылыми-мәдени қызметін қоғамға кеңінен таныстыру, мәдени мұрамызды жүйелі түрде насихаттау арқылы ұлт мәдениетіне қызмет ету, оқырманның рухани құндылықтарға деген құрметін арттыру. 

«Музей әлемі» журналы беттерінде еліміздің барша музей мамандары ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналған өз еңбектерін жариялай алады. Аталған басылымда заманауи музей ісінің даму үдерістері, музейлік іс-шаралар, музейді жетілдіруге арналған заманауи әдіс-тәсілдер, мәдени-білім беру жобалары және тағы басқа да өзекті мәселелер қамтылады.   

Журналдар жылына 4 рет шығады. Мақалалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарияланады.