Ұлттық музей Париждегі халықаралық көрмеге қатысады

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы Париждегі Адам музейінің және Франция Елшілігінің өкілдерімен кездесті.

Тараптар мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ бірлескен жобалар мен мәдени бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Кездесудің негізгі тақырыбы – 2027 жылы Париждегі Адам музейінде өтетін «Тарихқа дейінгі дәуірдегі байлық пен билік» атты халықаралық көрмені ұйымдастыру және оған дайындық жұмыстарын пысықтау.

Халықаралық көрме аясында Адам музейінің, сондай-ақ Франция мен Еуропаның өзге де музейлерінің коллекцияларындағы бірегей жәдігерлер ұсынылады. Елімізден көрмеге ҚР Ұлттық музейі қатысады. Экспозицияға Берел қорымынан табылған құнды археологиялық жәдігерлерді апару жоспарланып отыр.

Кездесу барысында тараптар экспонаттарды көрмеге дайындау, олардың сақталуын қамтамасыз ету және жобаны ғылыми тұрғыдан ұйымдастыру мәселелері бойынша пікір алмасты.