Республика күніне орай Ұлттық музей қызметкерлері марапатталды

Мерекелік кештің шымылдығын Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы ашып, музей ұжымын айтулы мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

Өз сөзінде ол музей қызметкерлерінің еңбегі тек тарихи жәдігерлерді сақтау және қалпына келтірумен шектелмейтінін, халыққа рухани тәрбие беріп, ұлттық тарихымыз бен мәдени мұрамызды насихаттау, әсіресе Республика күні секілді маңызды мерекелерде тәуелсіздік жолындағы тарихымызды кеңінен таныту екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Ұлттық музей директоры экскурсия жүргізушісі Қылышбек Мәдіге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Шапағат» медалімен марапатталуына орай құттықтау білдіріп, еңбегіне жоғары баға берді.

Салтанатты жиын барысында Берік Әбдіғалиұлы еліміздің мәдениет саласын дамытуға әрі музей жұмысының өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерді құрмет грамоталарымен, төсбелгілермен және алғыс хаттармен марапаттады. Шара ән шашуымен тәмамдалды.