«Джеймс Энсор: қиял мен шынайылық арасында» көрмесі

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Джеймс Энсор: қиял мен шынайылық арасында» атты көрменің ашылу рәсімі өтті.

Іс-шара Бельгия Королі Филипп және Патшайым Матильданың Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында ұйымдастырылды.

Мәртебелі қонақтардың назарына бельгиялық суретші Джеймс Энсордың шығармалары ұсынылды.

Көрмеде XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Бельгияның аса көрнекті суретшілерінің бірі, символизм өкілі әрі еуропалық модернизмнің қалыптасуына елеулі үлес қосқан Джеймс Энсордың таңдаулы туындылары қойылған.

Суретші өз шығармаларында маска, карнавал, қаңқа және гротесктік кейіпкерлер бейнелері арқылы адам табиғатын, қоғамдық құбылыстарды, сондай-ақ адамның сыртқы келбеті мен ішкі болмысы арасындағы қайшылықтарды ашады. Оның туындылары қиял және шынайылықтың арақатынасы, адам болмысы әрі қоғам ерекшеліктері туралы терең ой қозғайды.

Көрменің ұйымдастырылуы Қазақстан мен Бельгия арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға, халықаралық көркемдік мұраны кеңінен насихаттауға әрі қазақстандық көрермендердің еуропалық өнерге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Көрме 2026 жылғы 13 қазаннан 2027 жылғы 13 қаңтарға дейін жалғасады.