Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде танымал суретші, Мәдениет саласының үздігі Нұрбек Жәрдемовтің «Ақжайық өлкем» атты жеке көрмесі ашылды.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева «суретшінің ерекшелігі – ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрімізді заманауи үрдістермен ұштастыруы, ұштастыру арқылы жалпы бейнелеу өнерінің өзіндік бір ерекшеліктерін қоғамға жеткізуі» деді. Ол авторды көрменің ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.
Ал Батыс Қазақстан облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев осындай үлкен көрменің өтуі Ақжайық өлкесі үшін зор табыс екенін айтты. Ол Ұлттық музейге, осы көрмені ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді.
Іс-шара барысында «Астана қаласы Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Өмірәлі Исмаилов Нұрбек Жәрдемовті елордалық Суретшілер одағының алғыс хатымен және Түркістан облысы табыстаған арнай медальмен марапаттады.
Суретшінің 55 жылдық мерейтойына арналған көрменің ашылуында Нұрбек Жәрдемовтің өзі де жүрекжарды лебізін жеткізді. Ол өз сөзінде «әр суретші үшін көрме жасау – үлкен мереке, маңызды қадам» екенін атап өтті. «Өйткені суретші көп жылдар бойы жұмыстанып, сол жұмыстарын ортаға шығарады. Ақжайық өңірінен 50 туындымды алып келдім. Олар екі айға жуық уақыт бойы осы Ұлттық музей төрінде болады», деп түйіндеді автор.