Қазақстан мен Қытай археологтары бірлескен экспедицияға шықты

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Қытай Халық Республикасының Ұлттық музейі басшылығы мен мамандары кездесіп, алдағы бірлескен археологиялық экспедиция жұмысын талқылады.

Бұл экспедиция бұған дейін қос музей қол қойған өзара түсіністік туралы меморандум аясында ұйымдастырылғалы отыр.

2026 жылғы 14 шілде – 16 тамыз аралығында ҚР Ұлттық музейі және ҚХР Ұлттық музейі бірлесіп археологиялық экспедиция ұйымдастырады.

Аталған халықаралық экспедицияның мақсаты – Қазақстан аумағындағы қола дәуірінің ескерткіштерін бірлесіп зерттеу әрі ғылыми басылымдар жариялау.

Экспедиция барысында ҚР Ұлттық музейі Мәдени мұраны ғылыми зерттеу институтының және ҚХР Ұлттық музейі Археология институтының археологтары Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Имантау ауылының маңындағы қола дәуірінің қонысында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді.

Зерттеулер нәтижесінде өңірдің ежелгі тұрғындарының тұрмысы, шаруашылығы әрі мәдениетіне қатысты тың деректер және құнды артефактілер анықталып, ғылыми айналымға енгізіледі деп күтілуде.