Ұлттық музейде «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты жаңа академиялық жеті томдық басылымның Жалпы редакциялық алқасының қорытынды отырысы өтті.
Заманауи ғылыми тәсілдер мен талаптарға сай келетін көптомдық академиялық «Қазақстан тарихын» әзірлеу бастамасы Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарияланғаннан кейін көтерілген болатын. Бұл ауқымды жоба Қазақстан халқын ортақ тарихи тағдырмен біріктіретін Ұлы даланың мыңжылдық тарихын жан-жақты көрсетуге бағытталған.
ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Кариннің төрағалығымен өткен отырыста редакциялық алқа құрамындағы жетекші ғалымдардың қатысуымен жетінші томды пысықтау жұмыстарының қорытындылары қаралды.
Атқарылған жұмыс нәтижелері Жалпы редакциялық алқа тарапынан жоғары бағаланып, академиялық басылымның «Тәуелсіз Қазақстан» атты жетінші томын баспаға ұсыну туралы шешім қабылданды.
Отырыс қорытындысы бойынша Ерлан Карин «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты академиялық жеті томдық басылымды әзірлеу жұмыстарының нәтижесін қорытындылап, редакциялық алқа мүшелеріне Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының даналарын салтанатты түрде табыстады.