Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен «Шаңырақ» жобасы аясында композитор, музыка өнерінің көрнекті өкілі Латиф Хамидидің туғанына 120 жыл толуына орай «Ұлт рухын әуенмен асқақтатқан тұлға» атты кеш өтті.
Іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа Л. Хамидидың шығармашылығын насихаттау, ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру. Шараға №73 мектеп-лицейінің оқушылары қатысты.
Кеш барысында көрермен назарына композитордың балалық шағы мен шығармашылық жолын қамтыған бейнесюжет ұсынылды. Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті А. Нұрымбетова «Қазақ вальсі» әнін орындаса, университет колледжінің студенті Э. Кураисова «Көктем вальсін» көрерменге тарту етті. К. Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейінің оқушысы Тұрғын Бақдәулет скрипкада «Қазақ вальсі» шығармасын орындап, іс-шараның әсерлі сәттерінің біріне айналды.
Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының Абайтану үйірмесінің жас абайтанушылары да әдеби-музыкалық бағдарламаға белсене қатысты. Ерғали Нұртөре А. Құнанбайұлының «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» өлеңін мәнерлеп оқыса, Сәрсен Адина «Ғылым таппай мақтанба» шығармасын көпшілікке ұсынды. Ал Д. Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің оқушысы Асқар Арыс ақынның «Көзімнің қарасы» әнін орындап, шара мазмұнын тереңдете түсті.
Осылайша, тағылымды кеш барысында оқушылар қазақ музыкасы әрі әдебиетінің көркем мұрасымен танысып, музыканың рухани-эстетикалық тәрбие құралы ретіндегі маңызы дәріптеліп, ұлттық өнердің құндылығы насихатталды.