«Balavision-2026» бейнелеу өнері көрмесі

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мен «Кескіндеме және графика» үйірмесінің 10 жылдық мерейтойына арналған «Balavision-2026» бейнелеу өнері көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Іс-шара музейдің Атриум залында ұйымдастырылып, оған балалар, ата-аналар, ұстаздар және өнерсүйер қауым қатысты. Көрмеге жас суретшілердің қиялы мен шығармашылық ізденісін танытатын түрлі жанрдағы жұмыстар қойылды.

Шара барысында Ұлттық музей директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Ақмарал Ғосманқызы құттықтау сөзінде көрмеге қойылған туындылар арқылы жас өнерпаздардың табиғатқа, қоршаған ортаға және болашаққа деген көзқарасы мен асқақ армандары айқын көрініс тапқанын атап өтіп, шығармашылық ізденіс жолындағы жас суретшілерге сәттілік тіледі.

Мәдени бағдарлама аясында «Кескіндеме және графика» үйірмесінің жетекшісі, белгілі суретші Мұхтар Байбосын сөз сөйлеп, үйірменің он жылдық жетістіктерімен бөлісті.

Іс-шара барысында 2025-2026 оқу жылының бағдарламасын толық меңгеріп, үйірме жұмысына белсенді қатысқан оқушылар алғыс хаттармен марапатталды.

Көрме қонақтары жас суретшілердің жұмыстарымен танысып, олардың шығармашылық ізденістеріне жоғары баға берді.