Музей және театр

Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен «Дана» жобасы аясында «МУЗЕЙ ЖӘНЕ ТЕАТР» атты шығармашылық кездесу өтті.

Шараның мақсаты – өнер түрлерінің ең биік шыңдарының бірі – музей мен театр арасындағы өзара байланыс туралы ақпарат беру, театр майталмандарына қатысты Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі қоры мен экспозициясындағы түрлі жәдігерді насихаттау, театр шеберлерін қадір тұтуға тәрбиелеу.

Шараға қатысқан Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының актрисасы Тезекбаева Нұрайым мен Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актері Сәрсен Бейбарыс студенттермен театр жайлы өз ойларымен бөлісті.

Сондай-ақ, ғасырлар қойнауындағы құнды жәдігерлермен қауыштыратын қасиетті шаңырақ – музей және адамзат мәдениетінің ажырамас бөлігі театрға деген сұраныстың бүгінгі таңдағы жағдайы тұрғысында жан-жақты сөз қозғалды.

Кездесу барысында көрермендер Ахмет Байтұрсұнұлы атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің «АРТистикА» театр тобының «Тағдыр» авторлық қойылымын тамашалады.

Іс-шараға К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің, Менеджмент, бизнес және білім колледжінің, М.Тынышбаев атындағы Астана ALT көлік колледжінің, Еуразия гуманитарлық институты жоғары колледжінің студенттері, А.Байтұрсынұлы атындағы Бином мектебінің, №98 мектеп-лицейінің оқушылары қатысты.