Моңғолияның «Шыңғыс хан» ұлттық музейінің директоры Сампилдондов Чулуун және Ұлттық ғылым академиясының президенті Содномсамбуу Дэмбэрэл Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне арнайы сапармен келді. Кездесуде екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған ұсыныстар талқыланды.
Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы қонақтарды жылы қарсы алып, қазақ пен моңғол халықтарының тарихи-мәдени байланыстары әрі ортақ құндылықтарын атап өтті. Меймандар елорда сәулетіне жоғары баға беріп, болашақта Қазақстан Ұлттық музейінде Моңғолия мәдениетіне арналған бірлескен көрме өткізуді ұсынды.
Тараптар ұлттық дәстүрлердің сабақтастығына тоқталып, мәдени мұраны сақтау және насихаттаудың маңызын ерекше атап өтті. Кездесу соңында сый-сияпат алмасып, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты.
Айта кетейік, өткен жылы Ұлан-Батырда екі музей арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылған. Соның аясында алдағы уақытта бірлескен көрмелер мен ғылыми жобалар жүзеге асырылмақ.