Түркия вице-президенті Ұлттық музейді аралады

Қазақстанға жұмыс сапары барысында Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз еліміздің басты мәдени ошақтарының бірі – ҚР Ұлттық музейі төріне арнайы ат басын бұрды. Құрметті мейманды ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов бастап келіп, қазақ елінің бай рухани әлемімен таныстырды.

Экскурсия барысында мәртебелі қонақ Ұлы Дала өркениетінің терең тамырынан сыр шертетін бірегей экспозицияларды тамашалады. Көшпелі мәдениеттің көркем көріністері, ата-баба мұрасын айшықтайтын асыл жәдігерлер мен тарихи құндылықтар қонақтың ерекше ықыласын аударды. Әсіресе түркі халықтарына ортақ мәдени сабақтастықты паш ететін сирек экспонаттар рухани үндестіктің айқын белгісіндей әсер қалдырды.

Бұл тағылымды сапар Қазақстан және Түркия арасындағы ғасырлар қойнауынан жалғасқан достық әрі бауырластықтың, тарихи тамырласу мен рухани жақындықтың жарқын көрінісі ретінде айрықша мәнге ие болды.