Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде археолог, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Жәкен Таймағамбетовтың қатысуымен мазмұны терең, тағылымды дәріс өтті.
Дәріс экскурсиялық қызмет көрсету, музей педагогикасы және экспозициялық залдарды сақтау қызметінің мамандарына арналды. Іс-шара музей кеңістігіндегі ғылыми білім мен практикалық тәжірибені ұштастыруға, тарихи-археологиялық мұраны кәсіби тұрғыда таныту әрі сақтаудың маңызын терең түсіндіруге бағытталды.
Кездесу барысында Жәкен Қожахметұлы археология саласындағы ондаған жылдарға созылған ғылыми жолынан сыр шертіп, Қазақстан аумағында жүргізілген ірі археологиялық экспедициялар туралы бірегей деректермен бөлісті. Археолог далалық зерттеулердегі нақты тәжірибелерге, археологиялық олжалардың ғылыми құндылығына, сондай-ақ оларды музей қонақтарына дұрыс жеткізудің маңыздылығына ерекше тоқталды.
Кездесу барысында музей мамандары экскурсия кезінде келушілер тарапынан жиі қойылатын сұрақтар негізінде өздерін қызықтырған маңызды мәселелерді көтерді. Жәкен Қожахметұлы қойылған сауалдарға мазмұнды әрі жан-жақты жауап беріп, музей қызметкерлерінің кәсіби қызметінде тікелей қолдануға болатын құнды ақпарат ұсынды.
Дәріс-семинар музей мамандарының кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, ғылыми қауымдастық және музей саласы арасындағы байланысты нығайта түскен, тәжірибе мен білім алмасуға арналған маңызды шара болды.