Ұлттық музей жәдігерлері Мажарстанның «Аттила» көрмесіне қойылды

Мажарстанның Ұлттық музейінде ғұндар тарихы мен аңызға айналған қолбасшы Аттиланың мұрасына арналған «Аттила» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Ауқымды мәдени-тарихи жобаға әлемнің 12 елінен 64 музей және ғылыми мекеме қатысып отыр. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейімен бірге Абу-Даби Лувры, сондай-ақ Венгрия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Румыния және Словакияның жетекші музейлері мен ғылыми орталықтары бар.

Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы арнайы қатысып, жобаның тарихи маңызы мен өміршеңдігін атап өтті. Сонымен қатар, ол халықаралық әріптестерге сәттілік тілеп, бірлескен ғылыми-мәдени ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап көрсетті. Бұдан бөлек, Мажарстан Ұлттық музейінің директоры Габор Жигмонд, Мажарстан Премьер-министрі бағдарламалық кеңсесінің басшысы – мемлекеттік хатшы Янош Надь қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Ал Мажарстанның «Тұран» қорының президенті Андраш Биро көрменің ғылым және мәдениеттің бірлігінің символына айналғанын атап өтіп, түркі халықтарына алғысын білдіріп, Аттила мұрасының ортақ тарихи құндылық болып қала беретінін айтты:

«Біз ғылым әрі мәдениетті тоғыстыра отырып, бірегей көрме жасай алдық. Аттила – жай ғана тарихи тұлға емес, ол – ортақ жадымыздың ажырамас бөлігі. Біреулер үшін ол варвар болуы мүмкін, ал біз, мажарлар үшін – ата-бабамыз, аңыздарымыздың кейіпкері әрі көрнекті стратег. Біз түркі халықтарының бауырластығын жоғары бағалаймыз және бұл жобаға үлес қосқан қазақ, өзбек әрі басқа да халықтарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл көрме – бәрімізге ортақ мақтаныш. Музейлер мен тиісті мекемелердің қолдауының арқасында әлемдік мәдени мұраны дәріптейтін ауқымды халықаралық жоба жүзеге асты», – деді ол.

Қазақстан аталмыш көрмеге ғұн дәуірінің тарихын, олардың Еуразия кеңістігіндегі орнын айқындайтын бірегей жәдігерлерді ұсынды. Бұл Еуропада осы атаумен ұйымдастырылып отырған ең ауқымды көрмелердің бірі болып саналады.

Экспозицияның алғашқы бөлімі Аттиланың тұлғасы әрі ғұн мемлекетінің тарихын қазіргі тарихи және археологиялық зерттеулер нәтижесі арқылы таныстырса, екінші бөлімде Аттила бейнесі төңірегінде 1600 жылдан астам уақыт бойы қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен бай мифологиялық дәстүрдің эволюциясы паш етіледі.

Көрме 2026 жылдың 12 шілдесіне дейін жалғасады.