«Ертіс транзиті» халықаралық көрме жобасы

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Ертіс өзені бассейнінің табиғи, мәдени-тарихи және индустриялық мұрасына арналған «Ертіс транзиті» халықаралық көрме жобасы ашылды.

Жоба 2024 жылы өткен «Индустриялық Ертіс» ғылыми-ағартушылық экспедициясының нәтижелері негізінде әзірленген. Ресей мен Қазақстан зерттеушілері Қытайдың Шыңжаң аймағындағы өзен бастауынан Ресейдің Ханты-Мансийск қаласына дейінгі өзен бағытын зерттеп, Ертіс бойындағы аумақтардың өзіндік ерекшелігін қалыптастыратын табиғи нысандарды, мәдени-тарихи ескерткіштер мен индустриялық нысандарды зерделеген.

Көрменің ашылу рәсімінде ҚР Ұлттық музейі директорының қор қызметі жөніндегі орынбасары Әлібек Күзербаев Ертістің үш бірдей үлкен мемлекетті: Қазақстан, Қытай және Ресейді жалғап отырған, миллиондаған адамның тіршілік көзіне айналған алып өзендердің бірі екенін айтты.

«Ертіс осы елдер арасындағы достықтың символы істпеттес. Қазақстандағы Ертістің бойында маңызды өнеркәсіптік қалалар салынып, олар экономикамыздың дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Бұл өзеннің ауыл шаруашылығы саласына да тигізіп отырған үлесі өте зор. Ертіс бойындағы керемет табиғат пен ежелгі ескерткіштер, зауыттар мен кеніштер –тарихымыздың ажырамас бөлігі», – деді Ә.Күзербаев.

Ал Ханты-Мансийск қаласындағы Табиғат және адам музейінің директоры Иван Яшков Ұлттық музейге жоғары деңгейдегі көрме ұйымдастыруға атсалысқаны және қонақжайлығы үшін алғыс білдірді. Қос музей арасындағы ынтымақтастық жыл санап артып, жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын атап өтті. Үш көрші мемлекеттің де Ертіс экспедициясына жоғары қызығушылық танытқанын айтты. Трансшекаралық өзеннің тыныс-тіршілігі көрмеде ұсынылған фотосуреттер, экспонаттар, арнайы медиақұрылғылар арқылы көрсетілген деп түйіндеді.

Астана қаласындағы Қытай мәдениет орталығының директоры Ван Ципин осындай шаралардың арқасында үш елдің арасындағы достық одан әрі нығая түсетінін атап өтті.

Бұған қоса, көрменің ашылуы аясында трансшекаралық өзеннің тарих пен өңірлердің дамуындағы маңызына арналған «Ертіс: табиғи, мәдени және индустриялық феномен» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі – музейаралық ынтымақтастықты дамыту және 2027 жылға жоспарланған халықаралық баспа жобасын дайындау. Жобаның негізін Ресей, Қазақстан, Қытай және басқа да мемлекеттердің музей қорларындағы материалдар, ғылыми архивтер, кітапханалар мен қоғамдық ұйымдардың деректері құрайды деп жоспарланып отыр.